Әзербайжан Таулы Қарабаққа әскер кіргізді
Әзербайжан әскері ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ аймағында әскери операция жариялады. Баку операцияның мақсаты «конституциялық құрылымды қалпына келтіру» деп мәлімдеді. Әзербайжан әскері армян және Қарабақ әскерінің нысандарына соққы жасағаны айтылып жатыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО Азаттық сайтына сілтеме жасап.
Әзербайжанның мемлекеттік АЗЕРТАДЖ ақпарат агенттігінің жазуынша, Баку Армения мен Қарабақты «теракт ұйымдастырды» деп айыптап отыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, әскери операцияға Таулы Қарабақ маңындағы жолда Әзербайжан әскерилері мінген көліктің жарылуы себеп болған. Жарылыстан кемі әзербайжандық алты әскери қаза тапқаны айтылады.
Таулы Қарабақтағы армяндар Бакудың бұл ақпаратын терістеді. Степанакерт Әзербайжанды «жалған ақпарат таратып», Қарабақтағы армяндарға «шабуылдауға сылтау тапты» деп мәлімдеді.
Қарабақтағы армян үкіметінің бұрынғы басшысы Рубен Варданян интернетте «аймаққа артиллериядан шабуыл жасалып жатқанын» жазды. Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды.
Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар басым. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады.
2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
Биыл Таулы Қарабақта жағдай қайта ушығып, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптай бастады.