Аймақ басшысы: Биыл “Индер-Қарабау-Сағыз” бағытындағы жол ашылады

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Қызылқоға ауданы Жамбыл ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті.

Жиында аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округінде жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бұл ауылда балабақша салу мәселесі өзекті. 

— Қаракөл ауылдық мектебінде күрделі жөндеу 2011 жылы жүргізілген. Қазіргі уақытта оқу ошағының сыртқы қасбеті жөндеуді талап етеді. Сондықтан мектептің сыртына ремодернизация жасау жоспарлануда. Мектепте оқитын оқушы саны аз болғанымен, балабақшаға кезек көп. Сол себепті келесі жылы міндетті түрде жаңа балабақша құрылысы басталады. Атап өту керек, «Индер-Қарабау-Сағыз» бағытындағы тас жолының жыл соңына дейін екі қабатын төсеу жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы үшін ашу жоспарланды. Жол құрылысын 2024 жылы толық аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ 2024 жылы Қаракөл ауылында спорт кешені салынады,- деді С.Шәпкенов. 

Кейін Серік Шәпкенов жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Тұрғындар ауыз су мәселесі, тас жолдардың сапасы, мектеп пен балабақша құрылысы, көше жарығын жүргізу мәселелерін көтерді.

Тұрғындармен кездесуден соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрағы бойынша қабылдап, олардың өтініш-пікірін тыңдап, мәселесін сала мамандарымен бірге талқылады.

Анықтама үшін: Жамбыл ауылдық округінде 1564 адам тұрады. Мұнда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бар.