«Әлеуметтік серіктестік құралдары – өңірдің қарқынды дамуының негізі» атты кезекті ХІ азаматтық форумы өтті
Жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі азаматтық форум — қоғам мен мемлекет диалогын дамытудың негізгі алаңы екенін айтты.
– Үкімет пен халықтың арасында алтын көпір саналған әріптестердің басын қосқан азаматтық форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – Азаматтық қоғам мен мемлекет диалогын дамытудың негізгі алаңы. Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық бастамашылдықты дамыту үшін мемлекеттің жан-жақты қолдауы қажет. Біздің облыс бойынша да бюджеттен нақты қаржы бөлініп, іс жүзінде қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтуда. Осындай бірлескен жұмыстың арқасында өңірдегі әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі бас қосуымыз үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс деп ойлаймын, – деді С.Шәпкенов.
Азаматтық форумда өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері облыс әкімінің және Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хатымен марапатталды.
Форум өңірде үкіметтік емес ұйымдармен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде әріптестіктік қатынасты жетілдіру мақсатында өтті. Сондай-ақ қатысушылар панельдік сессияларда спикерлердің тақырыбы бойынша ұсыныс, пікір қалдыру үшін экранға QR код қойылды.
Анықтама үшін: Атырау облысында 752 ҮЕҰ тіркелген, оның 624-і Атырау қаласында, 128-і аудандарда. Белсенді ҮЕҰ-дар саны – 190.