«Натюрморт» жанрына арналған көрме өтті

21 шілде күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Натюрморт» жанрынан жинақталған картиналар көрмесі өтті.

Музей қонақтарына натюрморт туралы мағлұмат беру,қылқалам шеберлерінің натюрморт туындыларының композициялық құрылымын, бояуларының сәйкестігі мен әсемдігін табу жолдарын түсіндіруді мақсат тұтқан шарада Өнер музейі қорындағы «натюрморт» жанрында жинақталған Ж.Дужнованың «Хризантемалар», С.Козловтың «Кітап пен гүлдер», В.Тосуновтың «Натюрморт Гурьевский», М.Қайдаровтың «Балық пен натюрморт», С.Кәрібайдің «Натюрморт» және т.б туындылар көрсетіліп, таныстырылды. Көрмені қаладағы «Сәби» оқу орталығының қатысушылары тамашалады.

***

Натюрморт – бейнелеу өнері жанрының бірі, қоршаған ортадағы бір құрылымға топтастырылған түрлі тұрмыстық заттар мен жеміс-жидектерді, өсімдіктер, тағамдарды бейнелеу. Бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда натюрморт суретшіден өзі кескіндейтін нәрсені табиғи қалпында, дәл де нәзік жеткізуді талап етеді. Натюрморттың алғашқы белгілері Ежелгі Шығыс, Рим, Грекия өнерінде көрініс тапқан. Натюрморт жанр ретінде XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында пайда болды. Натюрморт – жансыз заттар мен әр түрлі бейнеленген көркем сурет құралымен орындалған көркем шығарма болып табылады. Натюрморт-қарапайым, күрделі болып екіге бөлінеді.

Қарапайым натюрморт екі, үш заттан аспайтын, күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым заттардан, бұйымдардан тұрады.

Ал күрделі натюрморт көптеген заттардың жиынтығынан құралады.