«Өрт сөндіру құтқару спорт федерациясы» ҚБ кубогы IV турнирі басталды

Кеше Атырау қаласындағы №13 өрт сөндіру бөлімі аумағында салтанатты түрде ҚР ТЖМ «Өрт сөндіру құтқару спорт федерациясы» ҚБ кубогы IV турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы хабарлады.

Оған ҚР ТЖМ «Өрт сөндіру құтқару спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Д.Данаев қатысты. Ол турнирге қатысушы барлық спортшыға табыс пен кәсіби жеңістер тіледі.

– Атырау қаласында өтетін турнир есте қаларлық оқиға болатынына, ал қатысушылар біраз уақыттан кейін әлемдік спорт жұлдызына айналып, тек Республиканың ғана емес, әлемнің ең беделді спорттық марапаттарын алатынына сенімдімін, – деді Д.Данаев.

Адам өмірін құтқару кезіндегі тәжірибелерін, кәсіби шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған турнирге ерлерден құралған 10 команда және әйелдерден құралған 8 команда, жалпы 161 спортшы  қатысуда.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша жартылай финалға ерлер арасынан Нұр-Сұлтан қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысының спортшылары өтсе, әйелдердің ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қостанай, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе облыстары ширақтық танытты.

Қорытындысында «шабуыл сатысымен көтерілу» кезеңі бойынша А.Хорошева (Ақмола облысы) турнир жеңімпазы атанды. Ал екінші орынға алматылық О.Дзолба лайықты деп танылды. Үздік үштік – Шымкент қаласынан келген В.Салминаның еншісінде.

Ерлер арасында атыраулық Н.Мағау ешкімге дес бермесе, Атырау облысынан келген Ж.Қайсарбеков екінші нәтижені көрсетті. Сондай-ақ, үшінші орынға батысқазақстандық Д.Агафанов табан тіреді.

Бүгін турнирге қатысушылар кедергі арқылы 100 метрлік жолақтан өту кезеңі бойынша бақ сынасады.