«Смарт-ішкиім»: түрмеде телефонмен ұсталды

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты УГ-157/9мекемесіне, яғни ерлер түзету колониясына келген техникалық қызметкер іш киіміне ұялы телефон жасырып, кіргізбек болды. Оның қулығын рентген аппараты әшкереледі.

– ЖШС қызметкері УГ-157/9 мекемесіне техникалық қызметтерді көрсету үшін келді. Алайда оны рентген аппараты арқылы тексерген кезде іш киімінен SAMSUNG ұялы телефоны мен sim-карта табылды. Сондай-ақ, оның құрал-саймандар салынған сөмкесінің түбіне жасырылған ұялы телефон мен 2 пакетке салынған насыбай табылды. Іс-құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деп хабарлады УГ-157/9 режим бөлімінің бастығы Ғалымжан Қазыбай.

Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз-қызметі, мекемеге келген келушілер міндетті түрде бірінше арнайы рентген аппараты арқылы өтіп, екінші қызметкер арқылы тексерілетінін атап өтті.

– Тек қана келушілер ғана емес, олардың сөмкелері мен жеке заттары да рентген аппараты арқылы тексерістен өтеді. Осылайша мекеме аумағына заңсыз сәлемдемелердің кіруінің жолы кесіледі. Сонымен қатар, мекеме периметрін қоршай «Сергек» бейнебақылау жүйесі орнатылып, осыған дейін бірнеше рет құқықбұзушылық фактілері анықталып, кінәлілер ұсталған болатын, – деді ҚАЖД баспасөз-қызметі.