Тұрғындар облыс әкімінің онлайн-қабылдауында болды
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыс тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша онлайн форматта қабылдады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кезекті қабылдауда өңір басшысына қала және аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалдармен жүгінді. Азаматтардың негізгі көтерген мәселелері: баспанамен қамту, денсаулық саласы мен құрылыс үшін жер бөлу сондай-ақ жұмысқа орналастыру бағытында болды.
Олардың арыз-шағым, өтініштерін тыңдаған өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов алдымен мәселенің мән-жайын өзі анықтап, нақтылады. Сосын қала және аудан әкімдері мен тиісті сала және басқарма басшыларына оларды шұғыл әрі заң аясында шешу үшін тапсырма берді.
«Тұрғындардан келген әр өтініш маңызды. Әрбір көмек сұрай келген азаматтың арғы жағында отбасы мен тұрмыс-тіршілігі тұрғанын бір сәт есімізден шығармауымыз қажет. Сол себепті тиісті сала басшылары өтінім жасаған кез-келген атыраулықтың жағдайын жете түсіну керексіздер» деген Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға азаматтардың өтініштерінің реттелуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.