Атырауда жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Жеңістің 76 жылдық мерекесі қарсаңында Өрлік ауылдық округінде алғаш рет жаңа үлгіде жабдықталған спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Индер аудандық әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.
Шараға аудан әкімі М.Қалауи, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Р.Хисметов, самбодан Әлем чемпионы С.Қапсалықова мен ауыл ардагерлері қатысып, спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.
Заманауи стандартқа сай салынған қосқабатты нысан қажетті құралдармен жабдықталып, спорттың бірнеше түрімен айналысуға толық жағдай жасалған. Аумағы 896,2 шаршы метр болатын ғимаратта бір мезгілде 300-дей бала 5 спорт түрінен жаттыға алады. Атап өтсек, дзюдо, қазақ күресі, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетиканың жолына түсем деушілерге жол ашық. Бұдан бөлек, спорт кешенінің жанында футбол алаңы да орналасқан.
Айта кетейік, кешеннің құрылысы 2020 жылы басталған еді. Биылғы қырқүйек айынан бастап спорт кешені жас өрендерді аталған спорт түрлерінен қабылдайтын болады.