Доссор мұнайына – 110 жыл
Осыдан тура 110 жыл бұрын, 1911 жылдың 29 сәуірінде Доссор кен орнындағы №3 ұңғымадан 225–226 метр тереңдіктен орта юра қабатынан қуатты мұнай фонтаны атқылады. Аталған ұңғыма 30 сағат бойы атқылап, 16 мың 700 пұт мұнай берді. Оның химиялық құрамы жағынан сапасы Бакуде өндірілген мұнайдан асып түсті.
Осы күннен бастап Орал–Ембі мұнайлы ауданы әлем назарын өзіне аударды. 1912 жылғы 10 сәуірде мемлекеттік актімен «Ембі» мұнай өнеркәсібі және сауда акционерлік қоғамы құрылды. Сол жылдың 12 мамырында Санкт-Петербургте өткен акционерлердің бірінші жалпы жиналысында аталған Қоғамның басқармасы құрылады. Міне, содан бері мұнай өнеркәсібі және сауда акционерлік қоғамы өз жұмысын бастады. Осы кезеңде Лондон биржасы қазақстандық кәсіпшіліктерде мұнай өндіруді ынталандыруға арналған акциялар шығарады.
Доссор кен орнында мұнайды өндірудің максималды деңгейіне 1915 жылы қол жеткізілді. 52 ұңғыманың жұмыс жасап, 270 мың тонна көлемінде мұнай өндірілді. Доссор кен орнындағы мұнайдың физикалық-химиялық қасиеттері бойынша құрамында күкірт, парафин, қарамай және кокс аз және майлы, бензинді болып келеді.
Доссорда 1920 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында мұнай өндіру 6 есе артты: 59,987-ден 327,628 пұтқа дейін. Егер 1920 жылдың алғашқы айларында мұнай өндірудің барлық көлемі мұнай бұрқағы ағынымен қамтамасыз етілсе, қыркүйекке қарай оның көп бөлігі компрессорлар мен терең сорғылардың көмегімен өндірілді.
1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресі құрылды. «Ембімұнай» трестінің кәсіпшілігі бойынша 1927-1928 жылдарға арналған өндірістік бағдарлама Доссор кәсіпшілігінің жалпы өндірісін 199.599 тонна, Мақат – 77.870 тонна (газ өндіруді қоса алғанда) бүкіл аудан бойынша қамтамасыз етті.
Бұл кен орнында кәсіби отандық кадрлардың қалыптаса бастады. Егер алғашқы кәсіпшіліктерде қазақтар қара жұмысшылар, күзетшілер және жүк жеткізушілер болса, 20-30 жылдары еңбекшілер құрамын өзгерту бағдарламасын іске асыру шеңберінде өзгере бастады. 1928–1929 жылдары Орал–Ембі басқармасының 371 қызметшісінің ішінде қазақтар саны 112 адам немесе 30,1 пайызды, 2277 жұмысшының ішінде-1041-і қазақтар немесе 45,8 пайызды құрады.
1940 жылға қарай кәсіпшіліктегі жұмысшылардың арақатынасы жергілікті ұлт өкілдерінің пайдасына өзгереді. Олардың кәсібилігі де артады. Қазақстанмұнайгаз комбинаты бойынша стахановшылар санының жиынтық кестесіне сәйкес (1940 жылы «Ембімұнай» және «Ақтөбемұнай» трестерінен құрылған — ЕСК. л.с.), Доссор басқармасының 182 стахановшысынан – 152 (83,5%) ұлты қазақ қызметкер, Мақат бойынша – 242 қазақ стахановшы (стахановшылардың жалпы санының 91%), Ескене бойынша-108 немесе 97%, Қосшағыл – 127 немесе 88%, Байшонас бойынша – 213 немесе 97% болған.
1926 жылы сусыз шөл арқылы өтетін Гурьев–Доссор теміржолы құрылысының арқасында мұнай кәсіпорындарының қажеттіліктері үшін жаңа алаңдарда барлау және пайдалану жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік туды.
1932 жылы Доссор мұнайшылары КСРО мен Еуропада бірінші болып Доссор мен Мақатта 2500–2800 метрге дейін сол кездегі ең терең ұңғыма бұрғыланды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Доссор мұнайшылары майданға жанармайдың үздіксіз жөнелтілуін қамтамасыз ету үшін демалыссыз, күніне 12–13 сағаттан жұмыс істеді.
Күрделі кезеңде жаңа технологиялар жүйелі түрді өндіріске енгізілді: КСРО мұнай өндіру тарихында алғаш рет 1944 жылы Доссор және Мақат кен орындарында мұнай горизонттарының контурішілік суландыру әдісі қолданылды. Нәтижесінде ескі қордың ұңғымаларының орташа айлық дебиті 9 пайызға, ал, жаңасы 19 пайызға өсті.
Кен орны қордың таусылуына байланысты 2013 жылғы 22 қаңтарда консервацияланды.
1911 жылы кен орнын игеру басталғаннан бері 2013 жылы Доссорды консервациялауға дейінгі кезеңде мұнда шамамен 5,14 млн.тонна мұнай өндірілді.
«Ембімұнайгаз» АҚ-тың әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан