Президент көтерген мәселенің бірі – жұмыспен қамту
Президент көтерген мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Бүгінде Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда жоғары. Орташа жалақы 358 мың теңге, бұл – жалпы республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары.
Дегенмен өңірде жүзеге асырылып жатқан Болашақта кеңею жобасы жақында аяқталады. Алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайды. Облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін атап өтіп, Үкіметке тиісті шара қабылдау керектігін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын алуды және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырды.
– Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент облыс басшылығына емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз ету, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтау, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеді.