Атыраулық әйел БҚО тұрғындарын алдап кеткен

Батыс Қазақстан облысында Атырау тұрғыны жұмысқа орналастырамын деп 14 адамды алдап кеткен.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 3-бабына (ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Атыраулық 1993 жылғы әйел БҚО аумағында тұрғындарға жұмысқа орналастырамын деп уәде еткен. Сөйтіп олардың әрқайсысынан 50 мың теңгеден жымқырған. Осылайша 14 тұрғын не жұмыс жоқ, не ақша жоқ, жер сипап қалған.

Олар полицияға жүгінгеннен кейін алаяқ қолға түсті.