Жайыққа түсіп кеткен екі жасөспірім құтқарылды
Жайықтың мұзы ойылып, суға түсіп кеткен екі жасөспірімді полиция қызметкері құтқарды.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 11 наурызда болған.
– Атырау қаласындағы Балықшы ықшамауданында 15 жастағы екі жасөспірім кешкі сағат 20:00 шамасында Жайық өзенінің мұзына түсіп кеткен. Олардың көмекке шақырған даусын естіген полиция капитаны Асқар Қабдоллаев жедел құтқаруға кіріскен. Екі жасөспірімді әзер судан алып шыққан полицей оларды үйіне апарып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан. Құтқарылған Владимир және Данилдің бірі – колледж студенті, екіншісі – 8-сынып оқушысы, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімдердің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Салқын суға түскендіктен денесі тоңып қалған, Тиісті ем-дом жасалады. Құтқарылған Владимирдің ағасы Александр Кришневский полиция капитаны Асқар Қабдоллаевқа ризашылығын білдіріп, мұны үлкен ерлікке балады.