Атырауда коронавирустан 14 медқызметкер қайтыс болды

Атырау облысында былтырғы 27 наурыздан бері 1 073 медицина қызметкері індет жұқтырған. Оның 14-і қайтыс болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы 27 наурызда коронавирус жұқтырудың 3 жағдайы тіркелген.

– Атырау облысында Сovid-19 пандемиясы басталғалы бері 17,5 мыңнан астам тұрғын қауіпті вирусты жұқтырды. Оның ішінде 1 073 медицина қызметкері бар. Арнайы комиссияның шешімімен 777 қызметкерге 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Өкінішке орай, 14 медицина қызметкері кәсіби міндетін орындап жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан қайтыс болды. Қайтыс болған әріптестеріміздің туыстарына 10 миллион теңгеден астам өтемақы төленді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуынша, мұнай компанияларының демеушілік көмегімен 60 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Бұл қаржы комиссияның шешімі бойынша 260 медицина қызметкеріне төленген.