Еңбек етуге ең қолайлы елдер анықталды
BCG пен The Network адамдар, негізінен, қандай мемлекетке көшкісі келетінін зерттеді. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлайды.
Зерттеу нәтижесінде коронавирусқа шалдыққандар саны аз әрі пандемияға байланысты тиімді шараларды қолға алған елдерге қызығушылық жоғары екені анықталды.
Рейтингті Канада бастап тұр.
– Канада АҚШ-ты артта қалдырып, еңбек мигранттары үшін ең тартымды ел болды. Жаңа зерттеу қорытындысына сәйкес, пандемия адамдардың шетелдегі жұмысқа деген көзқарасын өзгерткен. Олардың жұмыс істеу үшін көшуге деген ынтасы біршама азайды. Адамдар коронавируспен күресте тиімді шараларды қолға алған елдерге қызығушылық таныта бастады, – деді зерттеу авторлары.
Алғашқы ондыққа Австралия, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Швейцария, Сингапур, Франция, Жаңа Зеландия да еніп отыр.
Италия мен Испания бұл тізімнен шығып қалды. Өзге дамыған еуропалық елдер де «ковидке дейінгі» көрсеткішін жоғалтты.