ЭКҰ-ға 232 квота берілді

Атырауда экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілімен бала сүю үшін 232 квота берілді.

Атырау облысының бас репродуктологы Айгүл Жанділдашеваның мәліметінше, бұл былтырғы квотадан 8 есе көп.

Өткен жылы бала сүюді аңсаған жұптарға 37 квота берілген.

– Облыста 800-ге жуық жұп экстракорпоральды ұрықтандыру кезегінде тұр. Алдымен балалы болғысы келетіндер комиссиялық тексеру жүргізетін репродуктологтардың тексеруінен өтеді. Өйткені бізде ЭКҰ үшін әйелдерге жолдама берудің белгілі бір критерийлері бар. Біріншісі – 18-ден 42-ге дейінгі жас шектеуі. Екіншісі – антимюллер гормоны біреуден кем болмауы тиіс. Үшіншісі – гормондарды ынталандыратын фолликула 12 мм.-ден аспауы тиіс. Төртіншісі – ерлерге қойылатын критерий, – деді Атырау облысының бас репродуктологы Айгүл Жанділдашева.

Оның айтуынша, егер әйелдің жасы 42-ден асқан болса, оның ақылы ЭКҰ процедурасына жүгіну мүмкіндігі бар.

Мұндай жағдайда оның бағасы шамамен 1,5 млн. теңге тұрады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, былтыр атыраулық әйелдердің аталған тәсілмен жүктілік көрсеткіші 44%-ды көрсеткен.