Олжас Құмар Қазақстан чемпионы атанды
17–21 ақпан аралығында Ақтөбе қаласында дзюдодан 2004–2005 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде.
Жарыстың алғашқы күні Болат Жұмабаев бастаған Атырау облысының спортшылары 1 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Бұл туралы Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
50 келі салмақта Данияр Кулушов қола жүлдеге ие болды. Ол іріктеу кезеңдерінде Түркістан және Алматы облыстары спортшыларын ұтса, ширек финалда ақтөбелік спортшыға есе жіберіп алды. Жұбаныш белдесуінде Қарағандылықтан басым түсіп, қола үшін таласта Жамбыл облысының спортшын ұтты.
55 келі салмақта Олжас Құмар жарыс жеңімпазы атанды. Ол іріктеу кезеңдерінде Түркістан, Шымкент және Алматы қаласының спортшыларын ұтса, жартылай финалда Алматы облысының спортшысынан басым түсті. Ал ақтық сында тағы бір шымкенттік Орынбасар Талғатты ұтты.
Айта кету керек, бұл Олжастың ел чемпионатындағы алғашқы жүлдесі емес. Ол 2018 жылы Павлодарда күміс, 2019 жылы Қызылордада алтын және 2020 жылы Қостанайда қола жүлделер еншілеген.