Жыл сайын 200 жас маман оқу бітіреді
Өткен жылы Атырау көлік және коммуникация колледжінде «Жас маман» жобасы іске қосылды. Бұл туралы Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Жоба аясында колледж басшылығы студенттердің тәжірибеден өтуіне 80 мекемемен келісім-шарт жасаған.
Алпыс жылдан бері білікті кадрларды даярлап келе жатқан оқу орнында алты өндірістік оқыту шеберханасы бар. Ол заманауи жабдықтармен қамтылған.
Колледж директоры Жанбек Ниталиевтің айтуынша, бұл жабдықтар нарық сұранысын қанағаттандыратын кәсіби білікті жас маман даярлауға мүмкіндік береді. Осы ұстаханадан жылда екі жүздей жас маман оқу бітіріп шығады.
Колледждің «электроника және радиотехника» мамандығының студенті Самиғолла Бекасыл «Қазақтелеком» компаниясында өндірістік тәжірибеден өтуде.
– Бұл колледжді таңдаған себебім, білім деңгейі өте жоғары. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Колледжіміз заманауи техникалармен жабдықталып, соның арқасында студенттер тек теориямен емес, тәжірибесімен де білікті болып шыға алатынына сенімім мол, – деді ол.
Айта кетейік, аталған оқу орны 4 мамандық және 13 біліктілік бойынша мамандар даярлайды. Сондай-ақ, дуалды оқыту бойынша 397 студент бар. Жұмысқа орналасу көрсеткіші – 87%.