Өткен жылы өңірде 10 медициналық мекеме пайдалануға берілді

Былтыр Атырау облысында 10 медициналық мекеме пайдалануға берілсе, 10 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткен. Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткен жылы атқарылған жұмыстар есебін беру кезінде айтқан.

– Мәселен, Құрманғазы ауданында 75 орындық орталық аурухана салынды. Облыстық кардиологиялық орталыққа 50 орындық жапсарлас ғимарат тұрғызылды. Атырау қаласында модульдік аурухана пайдалануға берілді. Бірқатар ауылдық елдімекендерде амбулаториялар іске қосылды. Ауылдық елдімекендердің тұрғындарын қамту үшін 5 жылжымалы медициналық кешен жұмысын бастады. Былтыр жедел медициналық жәрдем қызметіне – 46, осы жылдың басында 20 жаңа автокөлік берілді. Осылайша өңірдің аталған қызметі қажетті көлікпен 100 пайыз қамтылды. Сондай ақ, өткен жылы халық алдындағы есебімде көтерілген мәселенің бірі Құлсары қаласында 75 орындық аурухана салу болатын. Аталған нысанның құрылысы басталды, – деп нақтылады аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.​