Заңсыз сәлемдемелердің жолы кесілді
Атырауда тергеу изоляторына заңсыз сәлемдеме өткізбек болғандар жазаланды.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне өткізбек болған заңсыз сәлемдемелерден ұялы телефон мен интернет модем, дәрілік заттар алынған.
– Мәселен, қаңтарда 38 жастағы қала тұрғыны тергеу изоляторында ұрлық жасағаны үшін сотқа дейін ұсталып отырған танысына 3 ұялы телефон, 2 дана құлаққап пен интернет модем бермек болған. Сондай-ақ, 23 жастағы жігіт те тергеу изоляторында отырған досына 4 ұялы телефонды азық-түліктің ішіне жасырып, өткізбек болған. Ал, ақпанда 55-жастағы әйел «Трамадол» дәрісін тамақтың ішіне тығып өткізбек болған жерінен ұсталды, – дейді күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
Оның айтуынша, Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен түрмеге заңсыз сәлемдеме әкелгендерге ескерту, айыппұл салу түріндегі жаза қолданылған.