117 балабақша қызметкеріне жалақы уақытылы төленбеген

Атырау облысында 117 балабақшаның қызметкерлеріне жалақы төлеу кешіктірілген.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында белгілі болды. Жиынға Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Бақытгүл Хаменованың мәліметінше, өңірде биылдан бастап облыстық Білім басқармасы мен білім бөлімдері облыстық бюджеттен қаржыландырылып отыр.

– Кейбір балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелерінен басқасы тиісті еңбекақысын алды. Қазір облыста 149 балабақша бар. Оның ішінде мектепке дейінгі 117 мекеменің қызметкерлеріне құжаттардың кешеуілдеуінен жалақы кешіктірілген. Сондай-ақ, 17 қосымша білім беру ұйымының ішінен 4 мекеменің қызметкерлеріне еңбекақы төленді», — деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Толғанай Көлбаева.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова тиісті басшыларға білім беру мекемелеріндегі еңбекақының кешіктірілу себебін анықтап, мәселені жедел шешу қажеттігін тапсырды.

– Мұғалім мен дәрігер қай кезде де қоғам дамуының жетекші күші саналды. Олардың артында еңбекақыға қарап отырған тұтас жанұя бар. Отбасы, адам тағдырын ойласақ, жалақыны кешіктіру, бермеу деген мәселе туындамауы керек. Сондықтан аталған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын кешіктірмей, ақпан айының 10-ына дейін беру керек. Бұдан былай ақпан, наурыз айларының еңбекақысы әр айдың 25-інде уақытылы төленіп отырады. Оны өзім қадағалайтын боламын, – деді Бақытгүл Хаменова.