Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы қанша?

2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындылары бойынша қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 233,1 мың теңгеге жетті.

Инфляцияны есепке алғанда, нақты өсім – 6,5 пайыз. Салыстырмалы түрде, 2019 жылдың сәйкес кезеңінде қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 203,9 мың теңге болған. Бұл туралы finprom.kz сайты хабарлайды.

Өңірлер арасында орташа айлық жалақының ең үлкен мөлшері дәстүрлі түрде Атырау облысында: 377,4 мың теңге, бұл ел бойынша көрсеткіштен жалпы алғанда 61,9 пайызға көп. Орташа айлық жалақысы жоғары аймақтар «үштігіне», сондай-ақ, елорда (349,6 мың тг.) және Маңғыстау облысы (337,7 мың тг.) кірген.

Ал төменгі жалақыны Түркістан (166,7 мың тг.), Жамбыл (168,8 мың тг.) және Солтүстік Қазақстан облыстарының (168,9 мың тг.) тұрғындары алады.

Түрлі салаларда қызмет ететін жұмыскерлердің еңбекақысында айырмашылықтар байқалған.

Мәселен, тау-кен қазу өнеркәсібінде орташа айлық жалақының максималды мөлшері белгіленді – 472,3 мың теңге, ал қаржы және сақтандыру қызметінде бұл көрсеткіш – 422,6 мың теңге. Осы арада, ең төмен орташа айлық көрсеткіш сумен жабдықтау саласында (145,7 мың тг.) және ауыл шаруашылығында (147,7 мың тг.) тіркелген.