13 ақпаннан бастап жүргізуші куәлігін алып жүрмеуге болады
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 13 ақпаннан бастап еліміздің азаматтарына көлікті тиісті құжаттарды алып жүрмей-ақ, тек жеке куәлікпен жүргізуіне болатынын жариялады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан –Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. 2019 жылғы желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-не заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Жаңа заң 13 ақпаннан бастап күшіне енеді, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұрын Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылған еді. Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат – жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті.
– Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ, техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал Интернет желісіне қолжетімділік жоқ елдімекендерде және тасжолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын болады. Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көлік басқарушыларына қатысы жоқ. Автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва сияқты мемлекеттерде бар, ол елдерде де ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген. Мемлекет көлікті басқаруды едәуір жеңілдетті, бірақ жүргізушілер басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті есте ұстауы керек, – дейді ол.
Еске сала кетсек аталмыш заңға Мемлекет басшысы 1 ақпанда қол қойған еді.