Белгіленген жоспардан көп тұрғын үй пайдалануға берілген
Өткен жылы облыс бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланып, 836,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаев мәлімдеді.
– Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Мақат ауданында – 147%, Индерде – 106,0%, Қызылқоғада – 102,6% және Құрманғазыда – 101,1%, көрсеткішке қол жеткіздік, – дейді Азамат Сәлімбаев.
Сондай-ақ, 5 ауданда атап айтқанда, Жылыойда – 120%, Исатайда – 165,1%, Индерде – 102,2%, Қызылқоға – 167,6%, Махамбет ауданында – 119,2% құрылыс жұмыстары көлемінің артуы байқалады.
– Азаматтарды сапалы, әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету басты мақсаттарымыздың бірі. Көп қабатты тұрғын-үй құрылыстарының уақытылы, әрі сапалы тапсырылуын қатаң қадағалаңыздар. Биыл жоспарланған көлемге қол жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдансын, – деді облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов.