Теңіз кенішінде карантиндік шектеулер ұзартылды
Атырау облысындағы Теңіз кенішінде карантиндік шектеу шараларының мерзімі ұзартылды. Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған.
– Теңіз кен орнында карантиндік және шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын, – делінген қаулыда.
Сондай-ақ, «Теңізшевройл» ЖШС-ға, Теңіздегі жедел штаб пен мердігерлік ұйымдардың, басқа да кәсіпорындар басшыларына COVID-19 ошақтарын оқшаулау бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырған науқастарды оқшаулау үшін Теңіз кен орнында қосымша карантиндік орындар ашу, шектеу және карантиндік шараларды қатаң түрде жүзеге асыру, вахтаға кірер алдында жұмысшыларды орналастыру үшін ұйымдастырылған карантиндік орындарды талапқа сай сәйкестендіру міндеттелген.
Жаңа қаулы 2021 жылғы 22 қаңтарда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.