Бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырған әйел сотталды

ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Атырау қаласында екі кәсіпорынның директорына қатысты ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, компаниялардың басшысы қызмет бабын пайдалана отырып, «Денсаулық» – «Тегін медициналық қызмет көрсету» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атырау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-на бюджеттен бөлінген 16,8 млн. теңгеден астам қаражатты жымқырған.

Келтірілен залал Атырау облысының Сот сараптамасы институтының қорытындысымен расталды. Келтірілген залалдың соммасы өтелмегендіктен, күдікті тұлғаның мүлкіне тоқтам салынды.

– 2020 жылғы 4 желтоқсанда Атырау қаласы №2 сотының үкімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған қатысты 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.