Маңғыстаулық азаматтың екпеден көз жұмғаны рас па?
Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының тұрғынының вакцинадан кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
Денсаулық сақтау министрлігі Facebook-те тараған ақпарат туралы түсініктеме берді. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облысының тұрғыны вакцина қабылдағаннан кейін көз жұмды деген мәлімет шындыққа жанаспайды.
– Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының тұрғыны екпе алғаннан кейін қайтыс болғаны туралы Facebook-те тарап жатқан ақпарат бойынша мынаны хабарлайды. 1978 жылғы ер адам 19 қаңтар күні қан қысымының көтерілуінен көз жұмған. Ол ешқандай екпе алмаған. Бүгінге дейін Маңғыстау облысына коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жеткізілген жоқ. Алғашқы легін 2021 жылдың 28–29 қаңтарында әкелу жоспарланған. Ол жеткеннен кейін, бірінші кезекте инфекциялық аураханалардың, жедел жәрдемнің, жансақтау бөлімдерінің, науқас қабылдау бөлмелерінің дәрігерлері және санитарлық-эпидемиолгиялық қызметтің мамандары екпе алады. Қайтыс болған адам бұл санаттардың ешбіріне кірмейді. Біле тұра жалған ақпарат таратушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша 1000 АЕК көлемінде айыппұл арқалайтынын немесе 1 жылға бас бостандығынан айырылатынын еске саламыз, – делінген ДСМ-ның әлеуметтік желідегі жазбасында.