Кассирді тонаған күдікті ұсталды
Облыстық ПД-ның мәліметінше, Атырау қаласы жедел басқару орталығының «102» пультіне Вокзал маңы-5 ықшамауданындағы микронесиелер кеңсесіндегі тонау фактісі туралы хабарлама келіп түскен.
Маска киген күдікті касса қызметкерін пышақпен қорқытып, ақшасын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел іздестіру шарасы нәтижесінде Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция және Қалалық полиция басқармасы қызметкерлері күдіктіні 10 сағат ішінде ұстады.
Ол Жылыой ауданы, Құлсары қаласының 31 жастағы тұрғыны. Бұрын сотталған.
Тексеру барысында күдіктінің іс-қимыл жоспарын алдын-ала ойластырғаны белгілі болды. Аталған мекеме ғимаратының бейнебақылау жүйесімен жабдықталмағанын және күзетші жоғын білген.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 192-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде және күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.
Өзге ақпарат ҚПК-тің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.