Есірткіні насихаттайтын сайттарды жарнамалаған әйел ұсталды

Атырауда полиция қызметкерлері есірткі сайтын жарнамалаған әйелді ұстады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласында белгісіз біреу тұрғын үйлердің қабырғасы мен қақпасына есірткі және психотроптық заттарды насихаттайтын бірнеше сайттың атауын жарнамалайтын парақтар жапсырған.

– Полиция қызметкерлері осы дерекке байланысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде 33 жастағы әйел осы іске күдікті ретінде анықталды. Қазір аталған азамат ұсталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.