Жыл басынан бері ХҚО-ларда 270 мың ЭЦҚ берілген
ХҚО арқылы электрондық цирфлық қолтаңба рәсімдеушілер саны қаңтар айында күрт өскен. Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қазақстандықтар 270 мыңнан астам ЭЦҚ рәсімдепті. Бұл көрсеткіш желтоқсан айымен салыстырғанда 30%-ға көп.
Бұндай өсім зейнетақы қорындағы қаржыны шешу және жыл сайынғы мемлекеттік қызметкерлердің декларация тапсыру уақытының басталғанымен байланысты.
Атырау облысында 1 қаңтардан 19 қаңтарға дейін, жылдың баснына бері 23 097 азамат ЭЦҚ кілтін алу қызметін ХҚО-ларға барып алған.
Мемлекеттік корпорацияның төрағасы Әділ Кожиховтың айтуынша,
ЭЦҚ-ны онлайн түрде рәсімдеуге болады, сондықтан пандемия уақытында халық көп жиналатын жерге барудың қажеті жоқ.
– Біз әр тұрғынның денсаулығына алаңдаймыз. Бүгінде ЭЦҚ-ны үйде отырып-ақ, бірнеше минуттың ішінде рәсімдеуге болады,– дейді Әділ Кожихов.
Сондай-ақ, Азаматтарға арналған үкімет ЭЦҚ кілттерін уақытылы жаңартып отыруды ескертеді. Бір жылға берілетін электронды қолтаңбаның мерзімі аяқталуға таяған кезде, яғни 10 күн бұрын ЭЦҚ иесіне ескертпе-смс келеді. Азаматтар кілттердің жарамдылық мерзімін Ұлттық куәландырушы орталығының pki.gov.kz сайты арқылы тағы бір жылға ұзарта алады. Бұл да ЭЦҚ алу үшін ХҚО-ға барудың қажеттілігін жояды.
Айта кетсек, ЭЦҚ-ны egov.kz порталы арқылы онлайн рәсімдеу мүмкіндігі 2020 жылғы сәуір айынан бері бар. Ол үшін камерасы бар ноутбук немесе компьютер, жеке куәлік және мобильді азаматтар базасында тіркеу болу қажет. Жүйе азаматтың жеке басының мәліметтері мен бет-әлпетін сәйкестіргеннен кейін жаңа ЭЦҚ-ны сақтап алуды ұсынады.