Пара беремін деп түрмеге қамалды

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты пробация қызметінің иснпекторына қызыл балықты пара ретінде бермек болған азамат түрмеге қамалды. Бұл жөнінде Департаменттің баспасөз қызметі хабарлайды.
– Алаяқтығы үшін сотталған пробация қызметінің есебінде тұратын ер адам түнгі уақытта тексеру кезінде үйінде болмаған. Бұл құқықбұзушылық оның жеке ісіне тіркелетін болғандықтан, сотталған азамат пробация инспекторына қызыл балық бермекші болған. Бұл жөнінде инспектор тиісті органдарға хабарласып, нәтижесінде күдікті адам ұсталып, оған қатысты ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігімен «Пара беру» қылмыстық іс қозғалдв.  Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен, күдікті азамат жазасының қалған бөлігін қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады, – деп хабарлайды Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Айта кетсек бұған дейін де сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматша инспекторға пара бермек болғаны үшін жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген еді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға арналған іс-шаралар жалғаса бермек.