Атырауда 558 мас жүргізуші ұсталған

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде былтыр мас күйдегі 558 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 11 әйел бар.
– Мас күйде рульге отырған жүргізушінің бәрі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олар 15–20 тәуліктік әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғанмен, мас күйінде қайтадан рульге отырған 57 жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабымен қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал биылғы жыл басынан патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған 18 жүргізуші жауапкершілікке тартқан.
Оның ішінде «Toyota Land Cruiser» маркалы автокөлігін басқарған 31 жастағы жүргізушісі де бар.

Оның мас екені медициналық куәландырудың қорытындысымен анықталған. Мас жүргізуші сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылды.