Атыраулық оқушының видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады

Әлеуметтік желілерде мұз үстінде мәнерлеп сырғанап жүрген баланың видеосы кеңінен тараған еді. Видеодағы Атырау облысының 10-сынып оқушысы болып шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Мұз үстіндегі Нұралы Бектеміров, Құрманғазы ауданының орталығындағы Абай атындағы мектептің 10-сыныбында оқиды.

– Нұралы – кәсіби спортшы емес. Қазір Абай орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Видеоны менің ұлым Әди түсірді. Олар осы роликті түсіру үшін 40 шақырым жердегі теңізге барған. Нұралы конькиді сыйға алғаннан бері мәнерлеп сырғанап жүр, – дейді ағасы Жандос Бектеміров.

Оның айтуынша, ауылдың балалары қысқы мезгілде Шарон өзеніне сырғанауға барады.

Бұл – балалар үшін дене шынықтырудың бір түрі.

– Мәнерлеп сырғанауға бет бұрғаныма үш-төрт жыл болды. Содан бері шеберлігімді шыңдап келемін. Мәнерлеп сырғанау қиын емес, – дейді Нұралы Бектеміров.