Ерекше балаларға арналған 108 сынып ашылды
Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 581 оқушы арнаулы сыныпта білім алады.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 мектепте ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін 108 арнаулы сынып ашылған. Бұл сыныптарда мүмкіндігі шектеулі 581 оқушы білім алады.
Ал Қызылқоға ауданында осындай 62 оқушы бар.
— Миялы ауылында орналасқан Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте 21 оқушы инклюзивті білім алады. Оның алтауы үйінде білім алса, бесеуі психикалық дамуында тежелуі бар балаларға арналған сыныпта, қалғаны қатарластарымен бірге оқиды, — дейді мектеп директоры Гүлшара Сары.
Оның айтуынша, мектепте физика, информатика, химия, биология пәндері үш тілде оқытылады. Ал 8—11-сыныптарға аталған пәндер үйірме, факультатив сабақтар есебінен енгізіліп отыр.
— Мүмкіндігі шектеулі оқушылар арнайы жеңілдетілген бағдарлама негізінде білім алады. Мектеп психологтары оқушыларды коррекциялық жұмыстар арқылы тәрбиелейді. Яғни, баланың ойлау қабілетін дамытатын моторикалық ойындарға қатысып, жаттығулар жасайды, — дейді мектептің педагог-психологы Баршагүл Сарсенғалиева.