Үштаған ғаламтор желісіне қосылды

Құрманғазы ауданындағы Үштаған​ ауылында ұялы телефон байланысы, ғаламтор желісі іске қосылды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Қазіргі таңда ауылға қосылған «Activ» ұялы байланыс желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Дегенмен үштағандық оқушылар мектепте штаттық режимде білім алуда.

– Үштағанда оқушылар 11 сыныпқа дейін оқиды. Мұндағы оқушылар саны 180-ге толмайтын болғандықтан, шағын комплектілі мектепке жатады. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері оқушылар мектепте офлайн форматта білім алуда, – дейді Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызы.

Еске сала кетсек, Үштаған ауылы Құрманғазы ауданындағы Асан ауылдық округінің құрамына кіреді.
Ауылдағы халық саны – 711 адам.