Қазақстандықтарға 42 500 теңге туралы хабарлама келуде
Кейбір қазақстандықтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлемін алғыңыз келе ме деген сипатта SMS хабарлама келуде.
Бүгін таңертең әлеуметтік желілерде СМС хабарламаның скриншоттары жарияланды. Ол хабарлама мәтіні: «5 шілдеден бастап кірісіңіз жоғалған жағдайда 42 500 төлем алуға келісесіз бе?».
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл техникалық ақаулық екенін хабарлады.
– Түнде жүйелерді жаңарту бойынша стандартты жұмыстар жүргізіліп, сол кезде орын алған ақаулық төлем тағайындалғаны туралы ескі хабарламалардың жолдануына жол берген. Хабарлама байланыс операторларының 400 000 абонентіне жіберілді. Бұл жағдай бей-жай қарайтын нәрсе емес әрі ол адами фактор жағдайында орын алды. Себепсіз мазалағанымыз үшін кешірім сұраймыз әрі бұл жағдайға түсіністікпен қарағандарыңыз үшін өз ризашылығымызды білдіреміз! – деді «ҰАТ» АҚ баспасөз хатшысы Анар Мағзұмова.