Әкімдік азық-түлікке шекті баға белгілеуде

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл рәсімдер бір-екі күнде емес, заңдылыққа сәйкес, ​ тиісті кәсіпкерлік сараптамалардан өткізіліп, әділет органдарына тіркелгеннен кейін күшіне енгізіледі.

– Қазіргі уақытта картоп өнімінің шекті бағасын бекіту туралы облыс ​ әкімдігінің қаулысы әділет органдарына тіркелді. Қаулы ​жуық арада күшіне енеді. Тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы және қант бағаларына​ да шекті баға белгіленеді, – делінген ​Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасынан берілген түсінікте.

Еске сала кетсек, 29 желтоқсаннан бастап «Атырау»​ әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Атырау қаласындағы «Насиха», «Сарайшық» және «Көктем» базарларында облыстық тұрақтандыру қорынан көкөністер сатылуда.

Бүгінгі таңда​ пияз келісі 81 теңгеден, ​ сәбіз 91 теңгеден, ​ қырыққабат ​92 теңгеден аталған базарларда сатылуда.

​ ​Бір ескерте кететін жағдай, сауда нүктелерінде алып сатарлықты болдырмау мақсатында, әр өнім түрі бір адамға 5 келі шекті мөлшерде сатылады.