Әкімдік азық-түлікке шекті баға белгілеуде
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл рәсімдер бір-екі күнде емес, заңдылыққа сәйкес, тиісті кәсіпкерлік сараптамалардан өткізіліп, әділет органдарына тіркелгеннен кейін күшіне енгізіледі.
– Қазіргі уақытта картоп өнімінің шекті бағасын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулысы әділет органдарына тіркелді. Қаулы жуық арада күшіне енеді. Тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы және қант бағаларына да шекті баға белгіленеді, – делінген Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасынан берілген түсінікте.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсаннан бастап «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Атырау қаласындағы «Насиха», «Сарайшық» және «Көктем» базарларында облыстық тұрақтандыру қорынан көкөністер сатылуда.
Бүгінгі таңда пияз келісі 81 теңгеден, сәбіз 91 теңгеден, қырыққабат 92 теңгеден аталған базарларда сатылуда.
Бір ескерте кететін жағдай, сауда нүктелерінде алып сатарлықты болдырмау мақсатында, әр өнім түрі бір адамға 5 келі шекті мөлшерде сатылады.