Министрлік ұйымдастырған қайырымдылық акциясы

«Аяз Атаға хат» қайырымдылық акциясы аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері ауыр сырқаттан зардап шегетін 1 105 балаға арналған жаңа жылдық сыйлық жиынтықтарын сатып алуға қаражат жинады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сыйлықтарды табыс ету бойынша қайырымдылық акциясы 24–30 желтоқсан аралығында жалғасады.

Осы кезеңде Еңбек министрлігі қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласындағы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған «Бақытты шаңырақ» отбасылар қорына барады. Бүгінде Қордың қамқорлығында 310 отбасынан 330 бала бар. Оларға Министрлік ұжымының атынан жаңа жылдық тәтті сыйлықтар табыс етіледі.

Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде лейкозбен ауыратын балалар ойыншықтар мен тәтті жиынтықтар түріндегі жаңа жылдық сыйлықтарға ие болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда жоғарыда аталған аурумен 16 жасқа дейінгі 775 бала тұрады.

Осылайша жаңа жыл қарсаңында ҚР Еңбек министрлігі ұжымының әрбір қызметкері өз қаражаты есебінен әлеуметтік қолдауға мұқтаж кішкентай қазақстандықтар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлауға өз үлесін қосты.