Мемлекеттік бюджет кірістері өсті
Мемлекеттік бюджет кірістері 10 пайызға өсті, ал бюджетке түскен салық айтарлықтай азайды. Бұл туралы finprom.kz сайты хабарлады.
Кіріс өсімінің негізгі себебі – трансферттердің түсуі.
2020 жылдың қаңтар–қазан айларында елдің мемлекеттік бюджетіне 11,1 трлн. теңге ақша түскен — бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 9,9%-ға көп. Кірістер жоспары 96,7% орындалған.
Салыстырмалы түрде, өткен жылдың он айында мемлекеттік бюджет кірістері 10,1 трлн. теңгеге жетіп, жылына 12,2% өсті.
Бұл ретте, мемлекеттік бюджетке салық түсімі бір жылда 9,7%-ға қысқарып, 6,4 трлн. теңге болған. Соның ішінде, 2,6 трлн. теңге – ішкі салық, тауарлар мен қызмет көрсетуге, 2,1 трлн. теңге – кіріс салығына, 697,9 млрд. теңге халықаралық сауда және сыртқы операцияларға тиесілі.
Салықтық емес түсімдер 321,5 млрд. теңге жетіп, бірден 69,9%-ға өскен. Соның ішінде, 64,5%, немесе 207,3 млрд. теңге – мемлекеттік меншік кірістері.
Негізгі капиталды сату түсімі 11,3 пайызға, 76,5 млрд. теңгеге дейін қысқарған.
Ұлттық қордан түскен трансферттер 4,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,9 пайызға жоғары.