Тағы бір заңсыз сәлемдеменің жолы кесілді
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 желтоқсан күні тергеу изоляторында ет пен картоп салынған шелектің түбіне жасырып, шөп тәріздес затты өткізбек болған 20-жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Ол бұл сәлемдемені денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, кісі өлтіргені үшін уақытша ұсталып отырған құрдасына өткізбек болған.
– Ыстық тамақтың ыдысын тексеру кезінде жасыл түсті, шөп тәріздес, өткір иісі бар екі пакетке салынған зат табылды. УГ-157/1 мекемесіне Атырау қалалық тергеу тобы шақыртылып, мекеме қызметкерлерімен сәлемдемені әкелген азамат ұсталды. Қазіргі таңда белгісіз зат сот сараптамасына жіберіліп, ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды, – деді УГ-157/1 мекемесінің Режим және күзет бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
Айта кету кетсек, соңғы аптада мекемеде отырған күдіктілерге арналған үшінші заңсыз сәлемдеме анықталып отыр. Осыған дейін йогурттің ішінен де осындай шөп табылып, ыстық тағамның ішіне жасырынған 4 ұялы телефон табылған еді. Мекемеге әкелінетін заңсыз сәлемдердің жолын кесуге арналған іс-шаралар әлі жалғаспақ.