Жануарлар «жарық шашатын» болды

Атырау облыстық полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың нұсқауымен, өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізілуде.
Солардың бірі – республикалық маңызы бар тасжолдарда малмен болатын жол апаттарының алдын алу.
Талдау көрсеткендей, үй малдарының қатысуымен ЖКО-ның көпшілігі түнде болған.
Сол себепті аймақтағы мал иелеріне
жарық шағылыстырғыш ленталар мен спрейлер таратылуда.

Өткен аптада осындай жабдықтарды NCOC компаниясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің қатысуымен
Махамбет ауданының үш шаруа қожалығы иелеріне табыстаған. Өйткені Атырау – Орал республикалық маңызы бар автокөлік жолы Махамбет ауданы тұсынан өтеді.

Полицейлердің айтуынша, шағылысатын элементтерді пайдалану жол апаттарының алдын алуға көмектеседі және бұл жұмыс автокөлік жолдарының бағыттары бойынша алда әлі жалғаспақ.
Айта кетсек, өткен жылы облыс аумағында үй жануарларының қатысуымен 5 жол көлік оқиғасы болды. Онда 4 адам қаза тауып, 5 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал биылғы 11 айда осындай екі ЖКО тіркелді, онда бір адам қаза тауып, бір адам жарақат алды.