Тыныштықты бұзғандар жауапкершілікке тартылды
Атырауда жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жалға берілетін пәтерлер мен үйлерде тұратын адамдардың тиісті құжаттарын және тіркелуіне тексеру жүргізді. Мәселен №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Вокзал маңы шағынауданында орналасқан көпқабатты үйлерден салық органдарына тіркелмеген 5 пәтерді анықтады.
– Әдетте, пәтерлерді тәулікке, сағаттап және күнделікті жалға алушылардың түнгі тыныштықты бұзатыны туралы жергілікті тұрғындардың тарапынан наразылық көп түседі. Сондай деректің бірі – СМП шағынауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде анықталды. Мұндағы көпқабатты үйде тұратын 33 жастағы азамат көршілерінің түнгі тыныштықты бұзғаны жөнінде полицияға хабарлама берген. Тексеру кезінде пәтерді тәуліктік жалға алған 4 әйел адам анықталды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 437-бабымен «Сағат түнгі 22:00-ден таңғы 9:00-ға дейін тыныштықты бұзу» әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан учаскелік полиция инспекторлары облыс орталығында жалға берілетін 1 800-ге жуық пәтерді тексеріп, салық органдарына тіркелмеген 500-ден астам пәтер иелерін анықтаған. Сондай-ақ, түнгі тыныштықты бұзған 1 500-ден астам тұлға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 437-бабымен жауапкершілікке тартылған.