Облыста 82 мың адам сақтандырылмаған
1 қарашадағы жағдай бойынша өңірдегі сақтандырылмаған азаматтар саны 82 373 адамға жеткен. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
– Бүгінде «Тіркелген халық тіркеліміндегі» 652 478 азаматтың 82 373-і, яғни 12,6 пайызы сақтандырылмай отыр. 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 қарашасы аралығындағы республика бойынша жарналар мен аударымдар 468 млрд. 549 млн. теңге болды, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек ӨКҚ-дегі онлайн брифингте.
Сондай-ақ, Сәбит Құралбек МӘМС арқылы сақтандырылмаған азаматтардың кімдер екенін де атап өтті.
– 15 санаттағы жеңілдігі бар азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы 42 500 теңге көмек ақша алды. Ал Бірыңғай жиынтық төлемді заң бойынша өзін-өзі қамтыған азаматтар төлеуі тиіс. Осылайша жеңілдік санаттағы азаматтар өз статустарын жоғалтып алды. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 Қаулысына сәйкес шағын және орта кәсіпкерліктің 29 санаты 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін жарна төлемей, тек тізімдерін дерекқорға енгізуі қажет еді. Бірақ барлығы бірдей тізімді енгізбеуі себепті қызметкерлері сақтандырылмай қалып отыр, – деді Сәбит Құралбек.
Филиал директоры жеке секторларда жұмыс жасайтын кейбір азаматтар да ай сайынғы жалақыларын қолма-қол алуы себепті сақтандырылмай отырғанын баса айтты.
Сақтандырылмаған азаматтар емхананың тіркеу бөліміне барып, медициналық сақтандыру туралы кеңес алуына болады.