Рентген аппараты заңсыз сәлемдемені әшкереледі

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше тергеу изоляторында сәлемдемелерді тексеру барысында рентген аппараты арқылы ыстық тамақтың ішіне жасырылған 4 ұялы телефон табылған.
Бұл сәлемдеменің есірткі мен қаруды заңсыз сақтағаны үшін уақытша қамауға алынған күдіктіге арналғаны анықталды.
– Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының нәтижесінде заңсыз сәлемдеме иесіне жетпей, заңбұзушылықтың алды алынды. Бұны әкелген 24 жастағы азамат ұсталды. Тексеру жұмыстары жүргізілуде, – деді Күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
Қазіргі таңда тергеу изоляторына әкелінетін барлық сәлемдемелер «Адани» рентгендік аппараты арқылы тексеріліп, заңсыз сәлемдемелер бірден анықталады.