Облыста инфекциялық орындар саны 1 570-ке дейін ұлғаймақ

Болжамды екінші толқын бола қалған жағдайда Атырауда инфекциялық орындар саны 1 570-ке дейін ұлғаяды. Бұл туралы бүгін Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанова өңірлік коммуникациялар алаңындағы онлайн брифингте айтты.
Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты, Атырау облысы бойынша 520 инфекциялық орын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 315 инфекциялық кереует Теңіз кенішінде ашылған.
– Бүгінгі таңда Теңіз кенішінің инфекциялық стационарында 174 адам ем қабылдауда. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 38 науқас коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Екінші толқын басталған уақытта облыс бойынша инфекциялық орындар санын 1 570-ке дейін ұлғайту, реанимациялық орындар санын 90 кереуетке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Соның ішінде, Теңізде қосымша 400 инфекциялық орын ашу көзделуде, – деп атап өтті Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанова.
Еске сала кетсек, пандемияның бірінші толқынында облыста 1 170 инфекциялық орын ашылған.