Үнді халқын белгісіз ауру дендеді
Үндістанның Андхра-Прадеш штатындағы Элуру қаласының бір тұрғыны белгісіз аурудан қайтыс болды. «Хабар 24»-тің хабарлауынша, тағы 315 азамат сол аурудың ұқсас белгілерімен ауруханаға түскен.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастарда бас ауруы, бас айналу, естен тану және эпилепсия белгілері бар. Ауру белгілері бар тұрғындар 5 желтоқсаннан бастап ауруханаларға түскен, ал 6 желтоқсан түнде олардың саны 315-ке жеткен, 70-і – әйелдер, 46-сы – балалар. Пациенттердің көпшілігінің жағдайы тұрақты. Сонымен қатар, пациенттерден алынған коронавирус тесті теріс нәтиже көрсеткен.
Қазіргі уақытта жергілікті денсаулық сақтау органдарының өкілдері аурудың қоздырғышы анықталмағанын айтты. Науқастардың су, тамақ және қан сынамалары зерттеуге жіберілді. Сонымен бірге, ведомство мұндай жаппай ауыру ауаның ластануымен немесе сапасыз өнімді тұтынумен байланысты болуы мүмкін екенін айтуда.