Атыраулық бүркітшіге бас жүлде бұйырды
Атыраулық бүркітші «Сонар-2020» республикалық турнирінің бас жүлдесін иеленді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген тауының жотасында «Сонар-2020» республикалық турнирі өтті. 100-ден астам құсбегі бақ сынаған сайысқа 34 бүркіт пен 14 тазы қосылды.
Атырау облысынан қатысқан құсбегі Арман Әбдікәрімұлының «Нарын» атты бүркіті түлкіге 16 секундта жетіп, атыраулық бүркітші бас жүлде – 1 млн. теңгеге ие болды.
– Биыл «Нарын» алтыншы рет аңға түсті. Саят сайысынан ұдайы жүлде алып жүрміз. Бір рет әлем чемпионатынан, бірнеше мәрте ел чемпионатынан бәйгеге ие болдық. Бүркіт баптауға әкем бала кезімде үйретті. Саятшылықты әлі де жалғастыра беремін, – дейді құсбегі Арман Әбдікәрімұлы.