«Смарт Атырау» КМК тасымалдаушыларға 457 млн. теңге қарыз
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен берген мәліметтерге сәйкес, Атырау облысында бүгінгі күні 49 бағыт бойынша 26 қалалық және қаламаңы, 4 облысішілік, 17 ауданішілік, 1 облысаралық және 1 халықаралық тұрақты жолаушы тасымалымен 14 тасымалдаушы мекеме қызмет атқаруда.
Басқарманың мәліметіне сай, жолаушы тасымалдаушыларға 2019 жылы 1 807 490 300 теңге субсидия төленсе, 2020 жылдың 8 айындағы жағдай бойынша 1 234 200 998 теңге субсидия төленген. Алайда бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлік субъектілеріне субсидиялауға қаражат толық төленбей жатыр. Сол себепті осы салада қызмет ететін кәсіпкерлік субъектілері шығынға ұшырауда.
«Атырау қаласының жолаушыларды тасымалдау Ассоциациясы» дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігі өкілдерінің мәлімдеуінше, бөлінетін субсидия жоғарыда аталған комиссиямен есептелініп, жергілікті мәслихатпен бекітілген сома жеңілдікпен жүретін жолаушылардан шыққан шығындарды жаба алмайды. Сәйкесінше, Ассоциацияның пікірінше, комиссия құрамында Ассоциация өкілдері болмағандықтан бөлінетін субсидия көлемі дұрыс есептелмейді немесе кемітіп есептелінеді.
Атырау қаласы бойынша бүгінгі күнге тасымалдаушылардың тасымалдайтын азаматтардың 30%-ы жеңілдік берілген азаматтар санатына жатады. Аталған санаттағы адамдар Атырау қалалық әкімдігімен жеңілдік берілген жолаушылар ретінде белгіленген және тиісінше тасымалдаушы тараппен және Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөліміне қарасты «Смарт Атырау» КМК арасында келісім шарт жасалған, алайда «Смарт Атырау» КМК тасымалдаушыларға 457,0 млн. теңге бережақ болып отыр. Көрсетілген сома тасымалдаушымен жасалған жұмыстар актісімен, шот-фактуралармен және сәйкестендіру актісімен расталған.
Аталған мәселе Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің және Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының араласуымен оң нәтижесін табуда. Яғни, бүгінгі күнде жолаушы тасымалдаушы субъектілердің шығындарын субсидиялау бойынша қаражаттарды толық өтеу және одан әрі қаржыландыру облыстық мәслихаттың отырысында қаралып, тиісті қаражат бөлінетін болады.