Ресейлік қорғаныс жүйесі қазақ жерінде сыналды
Ресей қорғаныс министрлігі Қазақстаннан жалға алған Сарышаған полигонында зымыраннан қорғану жүйесінің жаңа ракетасын сынаған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Алайда 26 қараша күні жарияланған ресми хабарламада зымыранның қашан сыналғаны айтылмаған.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, зымыранға қарсы жаңа жүйе «өзіне тән қасиеттерін дәлелдеп, тапсырманы сәтті орындап, шартты нысананы дәлдеп атып түсірген».
Зымыраннан қорғану жүйесі әуе-ғарыш шабуылдарынан қорғауға арналған.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, соңғы рет осыған ұқсас сынақ қазан айының соңында өткен.
Ресей Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонының бір бөлігін 1996 жылы Қазақстанмен жасалған келісім бойынша жалға алған. Полигонның қалған бөлігін Қазақстан пайдаланады.