Аргентина үш күн аза тұтады
Атақты футболшы Диего Марадонаның өліміне байланысты Аргентина президенті Альберто Фернандес үш күнге қаралы күн жариялады.
Қаралы күн ертеңнен басталмақ. Елде ұлттық ту түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылады. Спортшының өмірі, карьерасы және жеңістері туралы бағдарламалар телеэфирлерден көрсетіледі.
60 жасқа толған даңқты футболшы 25 қарашада Буэнос-Айрестегі үйінде жүрек талмасынан көз жұмған. Дәрігерлер спортшының үйіне шұғыл келгенмен, өмірін сақтап қала алмады.